11 Желт 2024
Без категории

Мектеп туралы

Білім беру ұйымының жалпы сипаттамасы

Торғай даласын оңтүстігінен күміс белбеудей ораған қос арнасы құт, жағалауы жақұт, айдынды Қабырға өзенінің бойына қатар қоныстанған қос ауылдың бірі-Аралбай деп аталады. Ұлы ағартушы бабамыз Ы. Алтынсарин жазғанындай Қыпшақ Сейтқұл кетпенінің ізі қалған жердің Торғай тарихында бітім-болмысы бөлек өзіндік орны бар.

Мектеп тарихы ел өміріндегі дүбірлі кезеңге толы ұжымдастыру жылдарынан, дәлірек айтсақ 1929 жылдан бастау алады. Тұңғыш рет «Босаға» бастауыш мектебінің негізінде құрылған бүгінгі білім ордасы 1957 жылға дейін жеті жылдық мектеп ретінде жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып келді. Ал, дәл осы жылдан бастап орта мектепке айналып, керегесін кеңге жайды.

1957 - 58 оқу жылынан бастап Жангелдин орта мектебі мәртебесін алды. Бұл кезеңге дейін бастауышта-Тәшір Мұқашев, Сәбден Кірпішбаев, жеті жылдықта- Марат Ержанов директор болды. 1957 - 58 оқу жылынан бастап орта мектеп мәртебесін алған білім ордасын Қостанай-Торғай өңіріне танымал қайраткер, ұзақ жылдар аудандағы әлеуметтік салаға басшылық жасаған Қайырбек Алматов басқарды. Бұдан кейін мектепке Ағыбай Қапанов, Қибат Сабыржанов, Манаш Сүйінов, Асқар Қалиев директор болды. Кейінгі кезеңде білім ордасына Ғалымжан Бекетов, Өтеген Сламбаев, Ғалым Сейдағалиев, Ғани Омаров, Ахат Мұстафин, Нұртай Бәйішов, Амантай Ахметбековтер басшылық жасады.

Мектебіміздің түлектері қазақтың көрнекті жазушысы, Мемлекеттік сыйлық иегері Төлен Әбдік, белгілі ғалым, профессор Оразқан Аймақов, сан қырлы өнер иесі, белгілі журналист, сатирик-ақын, суретші әрі сазгер марқұм Марат Нұрқалиев, Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбіл, ақын-зерттеуші Нағашыбай Мұқатов, Отаркүл Мұқатова, тәжірбиелі дәрігер Қарлығаш Аңсағаева, танымал өнер иесі, «Ғасырлар пернесі» фольклорлық-этнографиялық ансамблімен Азия, Африка елдерін аралаған Ғалибек Бейсенбаев есімдері ілтипатпен атауға болады. Сондай-ақ осы мектепті 1973 жылы алтын медальмен бітірген көрнекті журналист-публицист, экономика ғылымдарының кандидаты Жетпісбай Бекболатов, 1987 жылы күміс медаль иегері болған Шынар Тоқсейітова, 1996 және 2002 жылдары білім ордасын айырықша аттестатпен аяқтаған Ақмарал Иманғалиева, Арайлым Бекішова және басқалары шын мәніндегі мектеп мақтаныштары. Ауылшаруашылығы өндірісі мен әлеуметтік саланың әр тарабында жемісті жұмыс атқарып жатқан бұлардың арасында Ақмола облысы, Жарқайың ауданындағы «Костычев» ЖШС-нің директоры Балғабай Қабжанов, осы аудандағы «Ростов» кеңшарын басқарған, қазір белгілі бизнесмен Елтай Алпысбаев.

Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының "Жангелдин ауданы білім бөлімінің Жангелдин жалпы білім беретін мектебі" КММ

Жаңалыктар
Пайдалы ақпараттық ресурстар